Accessibility links

Тунисте коменданттық сағат тәртібі енгізілді


Тунис көшесіндегі полиция қызметкерлері. 24 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Тунис көшесіндегі полиция қызметкерлері. 24 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тунис билігі бірнеше күннен бері жалғасып жатқан әлеуметтік наразылықтарға байланысты жұма күні бүкіл ел аумағында коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Тунисті ұзақ жылдар басқарған авторитарлық президент Зин әл-Әбидин Бен Әлиді биліктен қуумен аяқталған «араб көктемі» атты әйгілі толқулардан кейінгі кезеңдегі ең ірі деп сипатталып отырған акцияларда жұрт елдегі кедейшілік пен жұмыссыздыққа наразылық білдірген.

Бұл жолғы наразылық жұмыс таба алмағанына наразы жас жігіт өткен жексенбі күні электр желісі бағанына шыққан кезде тоқ соғып мерт болған соң жаппай сипат алған.

22 қаңтарда Кассерин, Сиди-Бузид елдімекендерінде шерулер өткен. Ел астанасы Тунисте демонстранттар орталық көшелердің бірін жауып тастап, автокөлік дөңгелектерін өртеген. Полицияның мәліметі бойынша, наразылық акциялары кезінде жиырмаға жуық адам ұсталған.

Елдің әр аймағында демонстранттар үкімет кеңселері мен полиция ғимараттарына шабуылдаған. Кейбір наразылар жанғыш сұйық зат құйылған бөтелкелер лақтырған. Соңғы деректер бойынша, қақтығыстар салдарынан бір полиция қызметкері қаза тауып, ондаған адам зардап шеккен.

Тунис премьер-министрі Хабиб Эссид елдегі жағдай «бақылауға алынды» деп мәлімдеген. Ол бұл туралы жұма күні Парижде Франция президенті Франсуа Олландпен кездесуден соң айтқан. Сол күні президент Олландтың кеңсесі Франция жақын бес жылда Туниске экономикадағы қиындықтарды еңсеруге бір миллиард жүз миллион еуроға жуық қаржы бөледі деп хабарлаған.

Тунисте жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі қазір шамамен 30 пайызды құрайды.

XS
SM
MD
LG