Accessibility links

Киев: Шығыс Украинада 8,5 мың ресейлік сарбаз бар


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Донбаста сепаратистер бақылауындағы территорияда қазіргі уақытта Ресей армиясының сегіз жарым мыңға жуық кадрлық әскери қызметшісі бар. Бұл туралы украиналық «Зеркало недели» газетіне Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) террорға қарсы орталығының жетекшісі Виталий Маликов мәлімдеген. Ол ресейлік әскерилер «кіріп-шығып ауысып жататындықтан» олардың саны осы шамалас деген.

Маликовтің айтуынша, Донбаста ресейлік әскерилер сепаратистерді дайындайды және «іс жүзінде ондағы командирлердің бәрі – ресейліктер». Украина қауіпсіздік қызметі елдің шығысында әлі күнге шейін ресейлік армия бөлімшелері бар, ал сепаратистер бақылауындағы территориялардағы «барлық процестерге ресейлік арнайы қызмет модераторлық жасайды» деп санайды.

Олар «тұрғындарды идеологиялық дайындауға» көп көңіл бөледі дейді СБУ-дің террорға қарсы орталығының жетекшісі. Мәселен, өзін өзі жариялап алған Донецк және Луганск «халық республикаларында» барлық украиналық арналардың хабар таратуына және 150-дей интернет-сайтқа тыйым салынған. Қоғамдық пікірге ықпал етудің тағы бір механизмі – тапсырыс бойынша әзірленетін әлеуметтік зерттеулер.

Украина мен Батыс елдері Донбастағы әскери іс-қимылдар басталғалы сепаратистерге қолдау көрсетеді деп Ресейді айыптайды. Бірақ 2015 жылы 17 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин жыл сайынғы баспасөз мәслихаты кезінде: «Біз ол жерде белгілі бір шаруаларды, соның ішінде әскери саладағы мәселелерді шешумен айналысатын адамдар жоқ деп ешқашан айтқан емеспіз» деп мәлімдеген. Сонымен бірге Путин бұл «онда [Донбаста] ресейлік тұрақты әскерилер бар дегенді білдірмейді» деген.

Украиналық әскерилер өз позицияларына соңғы тәулікте сепаратистер 40-қа жуық рет оқ атқаны туралы мәлімдеген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы айтылмайды. Ал ДХР сепаратистері украиналық әскерилер оқ атпау тәртібін сегіз рет бұзды дейді.

XS
SM
MD
LG