Accessibility links

Сирия келіссөзі 29 қаңтарда басталатын болды


БҰҰ-ның Сирия мәселесі жөніндегі өкілі Стаффан де Мистура.
БҰҰ-ның Сирия мәселесі жөніндегі өкілі Стаффан де Мистура.

БҰҰ-ның Сирия жөніндегі өкілі Стаффан де Мистура 25 қаңтарға белгіленген Сирия бейбіт келіссөзі 29 қаңтарға шегерілгенін мәлімдеді.

Женевада өтетін келіссөз Сирия үкіметін қолдайтын Ресей және Иранмен оппозиция атынан келіссөзге кімдер қатысуы тиіс деген мәселеде келісе алмауына байланысты кешіктіріліп отыр. Де Мистураның айтуынша, оппозиция өкілдеріне келіссөзге шақыру 26 қаңтарда жіберіледі.

БҰҰ өкілінің сөзінше, келіссөзде Сириядағы билік бөлінісі, конституциялық өзгерістер мен болашақ сайлаудан бұрын әуелі қақтығысты барлық жерде тоқтату және гуманитарлық көмек жеткізу мәселесін шешу жайы талқыланбақ.

Стаффан де Мистура келіссөздің алғашқы кезеңі екі-үш аптаға созылатынын және жалпы келіссөз алты айға дейін жалғасатынын айтты. Ол бұған қоса бейбіт келіссөз қарқынын бәсеңдетпеудің маңызды екенін, бірақ келіссөз кезінде үзіліс болып қалуы мүмкін деген болжамы барын да жеткізді.

Бұған дейін БҰҰ өкілі мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри келіссөзге қатысатындар айқындалып, барлық дайындық жұмыстары аяқталмайынша шақыру жіберілмеуі тиіс деген.

XS
SM
MD
LG