Accessibility links

ДДҰ Зика вирусына қарсы шұғыл жиын өткізеді


Зика вирусын тарататын маса (Көрнекі сурет).
Зика вирусын тарататын маса (Көрнекі сурет).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) атқару кеңесі бүгін Женевада Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде тарала бастаған Зика вирусына қарсы жедел шаралар жасау туралы шұғыл жиын өткізеді. Жиын өткізу туралы шешім америкалық ғалымдар Зика безгегі індеті пайда болу қаупі бар деп ескерткен соң қабылданды. Маса арқылы таралатын Зика вирусы көбіне аяғы ауыр әйелдерге жұғып, іште жатқан шарананың басы мен ми көлемін кішірейтіп, ақыл-ес кемдігіне әкеп соқтырады. Қазір Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейніндегі елдерде, әсіресе Бразилияда жаңа туған мыңдаған балада осы вирус әсер еткені анықталып отыр.

Зика вирусын жұқтырғандар АҚШ-та да тіркеле бастады. Нью-Йоркте төрт адам, Калифорния, Миннесота, Виргиния, Арканзас штаттарында бір-бір адамнан вирус жұқтырғаны анықталған. АҚШ ауруханалары биліктің тапсырмасы бойынша вирус таралған тропикалық елдерге барып келген адамдардан донорлық қан алуды уақытша тоқтатты. Кейбір әуе компаниялары Латын Америкасына ұшатын рейстерге билет алған аяғы ауыр әйелдерге ақшасын қайтарып беруді ұсынып жатыр.

Зика вирусы симптомдары бойынша денге безгегіне ұқсайды. Бұл вирусқа қарсы әзірге ешқандай дәрі ойлап табылмаған. Көп жағдайда вирусқа дәрігерлер көмектесе алмайды. Вирус аяғы ауыр әйелдерге қатты қауіп төндіреді.

XS
SM
MD
LG