Қытай билігі есірткі тасымалдаумен айналысты деп айыпталған Тәжікстан азаматына өлім жазасын орындады. Тәжікстан ішкі істер министрлігі өкілінің Азаттықтың Тәжік редакциясына хабарлауынша, 51 жастағы Хасан Юсуфовқа өлім жазасы 28 қаңтар күні таңертең орындалған. Тәжікстан елшілігінің қызметкерлері сотталған азаматпен өлім жазасы алдында кездескен.
Юсуфов 2011 жылы Үрімжіде қамалған. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі өкілдерінің сөзінше, өлім жазасын жеңілдетуге жасалған барлық әрекет сәтсіз болған. Қазір марқұмның денесін Тәжікстанға алып кету жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.
Қытай түрмесінде Тәжікстанның 16 азаматы отыр. Олардың төртеуі өлім жазасына кесілген, бесеуі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.