Accessibility links

ЖСДП съезі сайлауға түсетіндер тізімін талқылап жатыр


Жалпыұлттық социал-демократиялық партия съезіне қатысушылар. Алматы, 30 қаңтар 2016 жыл.

Алматыда бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) съезі жұмысын бастады. Жиынды партия төрағасы Жармахан Тұяқбай ашты.

«Бүгінгі билік кетіп, орнына жаңа буын келуі керек» деді сөзінде ол.

«Көктөбе» демалыс кешенінде өтіп жатқан ЖСДП съезіне жүзден аса адам қатысып отыр.

Кеше ЖСДП мен жалпыұлттық азаматтық жиналыс ұйымы бірлескен жиын өткізіп, ЖСДП атынан парламент сайлауына 13 кандидат ұсыну туралы ұйғарым жасалған. Олардың арасында бұрын ЖСДП мүшесі болмағандар да бар. Бұған дейін ЖСДП-ның кейбір бөлімшелері «сайлауға Жармахан Тұяқбайсыз қатысуды» ұсынған. Түпкілікті шешімді бүгінгі съезде қабылданып, парламент мәжілісі депутаттығына ЖСДП атынан ұсынылатын кандидаттар тізімі бекітілуі тиіс.

Бұған дейін 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауына ЖСДП «Азат» партиясының қолдауымен қатысып, қажетті дауыс «жинай алмаған».

Биыл наурыздың 20-сына белгіленген мәжіліс депутаттарының ерте сайлауына партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. Парламент мәжілісі 20 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен, мәжіліс депутаттарының өздерінің ұсынысы бойынша тараған.

Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

XS
SM
MD
LG