Accessibility links

Жамбыл облысында құлаған тікұшақта облыс прокуроры болған


Ми-2 тікұшағы. (Көрнекі сурет.)
Ми-2 тікұшағы. (Көрнекі сурет.)

Жамбыл облысында өткен аптада апатқа ұшыраған тікұшақта ұшқыштан өзге үш адам, солардың арасында облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов болғаны туралы хабар расталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің көліктегі ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews сайты хабарлады.

Бірақ, апатқа ұшыраған тікұшақ жолаушыларының қай бағытқа, қандай мақсатпен сапарға шықпақ болғаны айтылмайды.

Бұған дейін, қаңтардың 23-і күні Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда «Жаңа Әлем әуе компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелігіндегі Ми-2 тікұшағы құлағаны хабарланған. Ресми орындар ұшқыштың қатты күйікпен ауруханаға жеткізілгені туралы ақпаратпен шектелген еді.

Бірақ кейін әлеуметтік желілерде тікұшақта ұшқыштан басқа аң аулауға шыққан тағы бірнеше адам, солардың бірі – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасының күйеу баласы, Жамбыл облыстық прокуроры Ернат Сыбанқұлов болған деген ақпарат тараған.

Тікұшақ апатының себептерін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG