Түркия әскери әуе күштері өз бөлімшелерін ерекше дайындық тәртібіне көшіргені туралы бүгін Анадолы агенттігі хабарлады.
Бұған дейін Түркия өз әуе кеңістігін ресейлік ұшақ тағы бұзғаны туралы мәлімдеген еді.
Түркия президенті Режеп Ердоған «егер Ресей әуе кеңістігімізді бұзуын жалғастыра берсе, оның салдары болатыны» туралы сенбі күні Ресейге ескерткен. Мұның алдында Түркия сыртқы істер министрлігі қаңтардың 29-ы күні Ресейдің Су-34 әскери ұшағы түрік әуе кеңістігін бұзғаны туралы мәлімдеп, Мәскеуді екі ел арасындағы жағдайды шиеленістіргісі келеді деп айыптаған. Сонымен бірге түрік жағы Анкарадағы орыс елшісіне жұма күні наразылық білдіргенін хабарлады.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейді осы альянсқа мүше елдердің әуе кеңістігін бұзбауға шақырған. «Өткендегі оқиғалар мұндай іс-әрекеттердің қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін байқатты», – деген Столтенберг.
Өткен жылы 24 қарашада түрік әскери әуе күштері Сириямен шекара маңында ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын әуеден атып құлатқан соң Ресей мен Түркия арасындағы жағдай нашарлап кеткен. Анкара ол жолы да «ресейлік ұшақ ескертуімізді елемей, әуе кеңістігінде шекарамызды бұзды» деп мәлімдеген.
Бірақ Мәскеу ондай айыптауларды түгел жоққа шығарып, Түркияға қарсы санкциялар енгізген.