Accessibility links

Мәмбеталин қолхатпен қамаудан босатылды


Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл.

Азаматтық белсенді, 22 қаңтарда "алауыздық тудырды" деген айыппен 2 жылға сотталған Серікжан Мәмбеталин қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шықты деп хабарлады бүгін Азаттыққа оның адвокаты Ермұрат Мұқанов. Адвокаттың сөзінше, Алмалы ауданының судьясы Марал Жарылғасова сенбі, 30 қаңтар күні Мәмбеталинді бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырып, белсенді сол күні бостандыққа шыққан.

- Мәмбеталин апелляциялық сот отырысы өткенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды, - деді адвокат.

Серікжан Мәмбеталин мен онымен бірге сотталған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сот процесі кезінде өздерінің кінәсәз екенін және ешқандай да өкінбейтінін айтқан. Мәмбеталин соттағы соңғы сөзінде туыстарынан "бейнет көрсетіп, бәлкім, болашағына нұқсан келтіргені үшін" кешірім сұрайтынын айтқан. Ол өзіне қарсы істің саяси астары барын, билік өзін осылайша парламент сайлауына жібергісі келмейтінін айтқан. Нарымбаев сотта 18 қаңтарда аштық жариялаған. Адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, ол аштықты әлі күнге дейін жалғастырып жатыр.

29 қаңтарда Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасында оның көпшілікке арналған үндеуі пайда болған. Үндеуде ол "қателік жасағанын мойындайтынын" , "бірақ қылмысты әдейі жасамағанын" айтқан.

Мәмбеталин мен Нарымбаев қазанның ортасында авторы Мұрат Телібеков делінген даулы "Ветер с улицы" кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда тергеу абақтысына қамалған. 22 қаңтарда Алмалы аудандық соты оларды екі және үш жылға соттаған. Судья оларды айыптарын мойындаған жоқ және қылмыстарына өкінбеді деген. Сот белсенділерді үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда отыруға шешім шығарған. Судья бұған қоса белсенділерге бес жылға дейін қоғамдық істермен айналысуына тыйым салған.

Мәмбеталин 2010 жылы парламент депутаты болу мүмкіндігін иелену үшін билікшіл "Руханият" партиясын басқаруға тырысқан. Бірақ партия төрағасы қызметінен аластатылған. Мәмбеталин ұзамай билікті сынай бастаған.

XS
SM
MD
LG