Мәскеудің Стромынка көшесіндегі ескі тігін цехы орналасқан ғимараттағы өрттен қаза тапқандар арасында Қырғызстанның сегіз, Өзбекстаннның екі азаматы бар деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің 1 ақпанда хабарлауынша, сегіз қырғызстандықтың бірі - жас бала.
Тігін цехындағы өрт қаңтардың 31-і жексенбіге қараған түні шыққан. Өрт орнынан 12 адамның, оның ішінде үш баланың денесі табылған. Қаза тапқандардың екеуі - Қырғызстанда туған Ресей азаматтары.
Министрлік марқұмдардың туыстарының Мәскеуге бару сапарын ұйымдастыруды сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаев қадағалап отырғанын айтады.
Кешкі сағат 9 шамасында шыққан өрт бес сағатқа созылып, 3 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз.
Цех орналасқан аумақты қырғыз бизнесмені жалға алған.