Тәжікстан президенті аппаратының бұрынғы басшысы Бахтиер Худаерзода Орталық сайлау және референдум жөніндегі комиссия төрағасы болып сайланды деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік редакциясы. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өткен аптада Худаерзоданың орнына президент аппаратының жетекшісі етіп өз қызы Озода Рахмонды тағайындаған.
Худоерзоданың кандидатурасын өткен аптада президент ұсынған. 3 ақпанда парламенттің төменгі палатасы - Маджилис Намояндагон депутаттары оның кандидатурасын бекіткен.
Худаерзода Тәжікстанда ел конституциясын өзгертуге қатысты референдумға дайындалып жатқан тұста Орталық сайлау референдум жөніндегі комиссия төрағасы болып сайланып отыр.
Әзірге референдум мерзімі белгіленбеген. Ал конституцияға түзету енгізу жобасы конституциялық сотқа жөнелтілген.