БҰҰ-ның Сирия мәселесі бойынша елшісі Стаффан де Мистура Женевада өтіп жатқан Сирия бейбіт келіссөзінде үзіліс жарияланғанын хабарлады. Сирия үкіметі делегациясымен және оппозция өкілдерімен жеке-жеке кездескен Мистура келіссөз 25 ақпанда қайта жалғасуы тиіс деп мәлімдеді. Мистураның сөзінше, ол "өзіміз үшін ғана емес, барлық мүдделі тараптар үшін ары қарай жұмыс істеу керек" деген ұйғарым жасаған. Ол "Мен келіссөздің алғашқы күні-ақ тек құрғақ сөз үшін келіссөз өткізу ниетте емес екенімді білдірдім" деді.
Де Мистура үзіліс келіссөз сәтсіздікке ұшырайды деген сөз емес екенін айтады. Ол бұған қоса негізгі проблемаларды шешу үшін бейбіт келіссөзге халықаралық қауымдастық, әсіресе Ресей мен АҚШ-тың қолдау көрсетуі қажет дейді. Сирия оппозициясы үкіметтен қоршауда қалған 18 ауданға гуманитарлық жүк кіргізуін талап етеді. Дамаск бірнеше ауданға жүк жеткізуге рұқсат еткенімен, Сирия армиясы Ресей авиациясының қолдауымен шабуылға шығып, Женевадағы оппозиция өкілдерінің наразылығын тудырып отыр.