Accessibility links

Донор елдер Сирияға 10 миллиард доллар көмек бермек


Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон және БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун донор елдер конференциясында. Лондон, 4 ақпан 2016 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон және БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун донор елдер конференциясында. Лондон, 4 ақпан 2016 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Лондонда өткен конференцияда халықаралық донор елдердің Сирияға 10 миллиард доллар көмек беру туралы уәдесін құптады. Оның сөзінше, 10 миллиард - бір күнде жиналған ең көп қаржы. Биылдың өзінде Сирияға көмектесу үшін алты миллиард доллар бөлінуі тиіс. Қалған қаржы 2020 жылға дейін берілмек.

Ұлыбритания билігі Сирияға 1,75 миллиард доллар бөлетін болды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри өз елі қосымша 900 миллион доллар қаржылай көмек беретінін жариялады. АҚШ-тың Сирияға беретін көмегінің жалпы көлемі осымен 5,1 миллиард долларға жетеді. Берлин 2018 жылға дейін сириялық босқындарға көмекке 2,5 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді.

Ресей делегациясының басшысы Twitter-дегі парақшасында конференцияға Дамаск өкілдері қатыспағандықтан Сирияға көмек көрсетуді талқылаудың қиын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Oxfam қайырымдылық қоры мен бірқатар елдер Мәскеуді қақтығыс құрбандарына көмектеспей отыр деп сынаған.

БҰҰ дерегі бойынша, 2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыстан 250 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам көрші елдерге босып кеткен.

XS
SM
MD
LG