Түркия билігі сириялық босқындарды "шектік мөлшерден асып кеткеніне қарамастан" қабылдай беретінін мәлімдеді. Түркия премьер-министрінің орынбасары Нуман Куртулмуштың мәлімдеуінше, үкімет армиясының бомбалауынан бассауғалап, шекарадағы Килис ауданына жиналған ондаған мың босқынның "басқа барар жері жоқ". Вице-премьер босқындар я бомба астында мерт болатынын, я Түркия оларға шекарасын ашуы тиіс екенін айтты.
Сирия армиясы көтерілісшілер бақылауда ұстап тұрған Алеппо қаласы маңында шабуылға шыққан. Соғыс қимылдарынан 35 мыңға тарта адам Түркиямен шекараға қарай қашқан. Бұған дейін Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини Анкараны босқындарды шекарадан өткізуге шақырған. Ол босқындарға пана болуды "құқықтық болмаса да, моральдық міндет" деп атады.
2015 жылдың қараша айында Еуропа Одағы Түркияға босқындарға көмек көрсетуі үшін 3,3 миллиард доллар бөлуге уәде еткен. Түркия қазір 2,5 миллион босқынды паналатып отыр.