Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің ерте сайлауына Қазақстан халықтық-коммунистік партиясы ұсынған 22 үміткерді тіркеді.
ОСК сайтында бүгін жарияланған қаулыда Қазақстан халықтық-коммунистік партиясының партиялық тізімін тіркеуге алып, 22 адамға мәжіліс депутаттығына кандидат куәліктерін беру және партияны сайлау бюллетеніне енгізу туралы айтылған.
Қазақстан парламенті мәжілісінің ерте сайлауына дауыс беру наурыздың 20-сы күні өтеді. Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.
Партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. ОСК бұған дейін «Нұр Отан» (127 үміткер), «Ақ жол» (35), "Ауыл" (19) партияларының кандидаттарын тіркеген.