Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің ерте сайлауына депутаттыққа "Бірлік" партиясы ұсынған сегіз үміткерді бекітті.
ОСК сайтында бүгін жарияланған қаулыда "Бірлік" партиясының партиялық тізімін тіркеуге алып, сегіз адамға мәжіліс депутаттығына кандидат куәліктерін беру және партия атын сайлау бюллетеніне енгізу туралы айтылған.
Қазақстан парламенті мәжілісінің ерте сайлауына дауыс беру наурыздың 20-сы күні өтеді. Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.
Партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда аяқталған. Ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. ОСК бұған дейін «Нұр Отан» (127 үміткер), «Ақ жол» (35), "Ауыл" (19) партиялары мен Қазақстан халықтық-коммунистік партиясының (22) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (23) кандидаттарын тіркеген.