Accessibility links

ОҚО: Колледж директоры мен орынбасары да жұмыстан кетті


Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі. Шымкент, 12 ақпан 2016 жыл.
Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі. Шымкент, 12 ақпан 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің пара сұраған оқытушысымен бірге басшылығы да жұмыстан босатылды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық білім басқармасының маманы Баянғали Жұмабаев хабарлады. Оның сөзінше, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің директоры өз өтінішімен, ал оның оқу ісі жөніндегі орынбасары заңға сәйкес жұмысынан алынған.

- Бүгін Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің директоры С.Мыңбай «Еңбек Кодексінің» 49-бап, 5-тармағына сәйкес өз өтініші бойынша жұмысынан босатылды. Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Б. Дәулетов «Еңбек Кодексінің» 52-бап, 1-тармақ, 16-тармақшасы бойынша 15-ақпан күні жұмысынан алынды, - дейді Баянғали Жұмабаев.

Колледжде математика пәнінен дәріс оқыған Нұржамал Жанбосынованың студенттерден ашық түрде пара талап етіп отырғаны туралы видео YouTube желісінде 11-ақпан күні жарияланып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған. 40 секундтық видеода «математика пәнінің мұғалімі Нұржамал апай» деп таныстырылған әйел адам аудиториядағы студенттерден «емтиханнан өту үшін екі мың теңге, сынақ тапсыру үшін қолма-қол мың жарым теңге сұрайтынын» айтып саудаласады.

Ақпанның 12-сі күні кешкісін білім басқармасы жауапты адамдарға қолданылған тәртіптік шаралар туралы мәлімет таратқан. Оқытушы Нұржамал Жанбосынова «Еңбек кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 14-тармақшасына (Тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасау) сәйкес жұмыстан босатылған. Колледждің кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі Жанар Қилыбаева «Еңбек Кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 16-тармақшасына (Тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамау) сәйкес қызметінен алынған. Басқарма «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Б.Даулетовке және колледж директоры С.Мыңбайға 2016 жылдың 15 ақпанында тәртіптік шара көру мәселесі қаралып жатқанын» мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG