Сирия президенті Башар Асад 13 сәуірге елде парламент сайлауын белгіледі. Сайлау мерзімі АҚШ пен Ресей Сирияда 27 ақпаннан бастап қақтығысты тоқтату туралы келісім жасасқаннан соң көп ұзамай жарияланды.
Асадтың парламент сайлауын белгілеу шешімі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияда қақтығыс тоқтаған соң 18 ай ішінде президент пен парламент сайлауын өткізуге шақырған қарарына жауап ретінде қабылданғаны, я басқа себептен шыққаны белгісіз. Себебі қазіргі парламенттің өкілетті мерзімі мамыр айында аяқталатындықтан, Сирияда биыл парламент сайлауы өтуі тиіс. Сирияда парламент сайлауы төрт жыл сайын өтеді.
Асадтың сайлау өткізу туралы жарлығында Сириядағы әр провинцияға парламенттен қанша орын бөлінетіні көрсетілген.
2012 жылы мамырда өткен соңғы парламент сайлауында Асад сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Рияд Хиджабты премьер-министр етіп тағайындаған. Кейін Хиджаб Сириядан қашып кетіп, қазір Сауд Арабиясы астанасы Эр-Рияд қаласынан Асад режиміне қарсы басты оппозициялық топты басқарады.