Астана тұрғыны, белсенді "Айгүл Өтепованы бүгін таңертең полицейлер ұстап әкетті" деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Өтепованың Азаттыққа телефон арқылы хабарлауынша, "полицейлер өзін Facebook парақшасында "Нұр Отан" партиясы жайлы жазбасы үшін ұстаған".
- Бүгін таңертеңгі сағат 9 шамасында мені үйімнен 20 жастағы ұлыммен бірге ұстап, Янушкевич көшесіндегі полиция бөліміне әкелді. Мұнда маған Facebook-те тұрғын үй подъезінен "Нұр Отан" партиясының үгіт-насихат парақшасын жұлғаным туралы жазбама және онда "бейәдеп сөз жазғаным" үшін түсініктеме жазуды талап етіп отыр. Әкімшілік кодекстің 434-бабы 1-тармағы бойынша, "қоғамдық орында бейәдеп сөйледің және рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастадың" деп айыптады. Бірақ Facebook қоғамдық орын емес қой, - дейді Айгүл Өтепова.
2-полиция бөлімшесі өкілдері Азаттыққа Өтепованың ұсталуына қатысты түсінік беруден бас тартты. Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі белсендінің ұсталуына қатысты түсінік алу үшін жазбаша сауал жолдауды сұрады.