Accessibility links

АҚШ елшілігі оққа ұшқандар жайлы мәлімдеді


Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.
Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.

Наурыздың 1-і күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Вашингтон штатында (АҚШ) екі қазақстандық жасөспірімнің оққа ұшуына байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақ тілінде жазылған мәлімдемеде «Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы америкалық отбасы асырап алған казақстандық балалардың өліміне себеп болған трагедияны естіп, терең қайғыға батты. АҚШ халқы Қазақстан халқымен бірге қайғыруда. АҚШ құқық қорғау органдары орын алған оқиғаның нақты мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр» деп жазылған.

АҚШ-та шетелден асырап алынған балалардың әлеуметтік тұрғыда қорғалатынын айтқан елшілік осы мақсатта Қазақстандағы арнайы органдармен байланысын үзбей, қарым-қатынасты жалғастыра беретінін жазған.

Мәлімдемеде «АҚШ дипломатиялық миссиясы америкалық отбасылар асырап алған қазақстандық балалар (6600 баладан артық) америкалық қоғамның дамуына үлесін қосып, бақытты жағдайда өмір сүреді деген фактіге назар аударғысы келеді» деп жазылған.

2016 жылы 26 ақпан күні Вашингтон штатына қарасты Белфэйр қаласында 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл жолдасы 49 жастағы Лана Карлсон мен оның асырап алған екі баласы Тори мен Куинді атқан болатын. Полицияның дерегінше, қайғылы оқиғадан тірі қалған отбасы мүшесі - 12 жастағы қыз қашып шыққан немесе оны Кэмпбелдің өзі босатып жіберген болуы мүмкін. Бұған қоса, полиция Дэвид Кэмпбелдің бұған дейін қылмыс жасағанын, оның «қаскүнем адам» болғанын мәлімдеген.

Оққа ұшқан екі жасөспірімнің Қазақстанда туғанын бұған дейін Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі де растап, алайда олардың Қазақстан елшілігіндегі консулдық есеп жоқ екенін хабарлаған еді. Қазақстанда туған Тори 18 жаста, ал Куинн 16 жаста болған.

XS
SM
MD
LG