Бүгін Астана қаласы Есіл аудандық 2-сотында судья Қанат Дүйсембиев ҚазТАГ ақпарат агенттігі адвокаттарының инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмады.
ҚазТАГ адвокаттары байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінен 2014-2015 жылдардағы мемлекеттік байқауға қатысты жүргізілген ішкі тексерудің қорытындысын алу үшін сотқа жүгінген. Адвокат Андрей Петровтың айтуынша, осы тергеу қорытындысына сәйкес ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ұлттық баспасөз-клубы басшысы Сейтқазы Матаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Сотта комитет өкілі Ерлан Идирисов Матаевтардың қорғаушылары сұратқан ішкі тексеру қорытындысын тергеу орындарына түгел бергендерін, өздерінде бұл құжаттардың көшірмесінің қалмағанымен түсіндірді.
Екі тараптың пікірлерін тыңдап, ақылдасу бөлмесіне барып келген судья Қанат Дүйсембиев Матаевтардың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады. Судья шешімінше, Матаевтарға қатысты қылмыстық іске қорғаушысы ретінде адвокат Петров пен Бакиева жіберілген және сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысу құқығынан шектелмеген.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты ұлы Әсетпен бірге 22 ақпанда антикоррупциялық қызметке тергеуге апарған. Әсет Матаев сол күні босатылған. Ал Сейітқазы Матаев бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталған. 24 ақпанда сот оны үйқамаққа алған. Өткен аптада оны Алматыдағы кардиологиялық орталыққа жеткізген.
Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Матаевтардан мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттау үшін бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдіктенеді. Бірақ Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды және оқиғаны "үкіметтік емес ұйым мен ақпарат құралына қысым жасау әрекеті" деп бағалайды.
"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы мен халықаралық қазақ ПЕН-клубы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Сейітқазы Матаевтың ісіне "жіті назар аударуға" шақырған. "Әділ сөз" ұйымы Қазақстан бас прокуратасын Матаевтардың ісін тергеудің барынша әділ және шынайы жүргізуді қамтамасыз етуге шақырған.
Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists) ұйымы Сейітқазы Матаевтың ұсталғанына қатысты алаңдаушылық білдірген.