Accessibility links

Nike Шараповамен жасасқан шартын тоқтатты


Ресейлік теннисші Мария Шарапова. Лос-Анджелес, 7 наурыз 2016 жыл.
Ресейлік теннисші Мария Шарапова. Лос-Анджелес, 7 наурыз 2016 жыл.

Спорттық киімдер шығаратын Nike компаниясы 2016 жылдан бастап допинг тізіміне енгізілген мельдоний препаратын қолданғанын мойындаған ресейлік теннисші Мария Шараповамен жасасқан жарнама келісім-шартын тоқтатты.

Компания "халықаралық теннис федерациясының спортшыға қатысты тексеруі аяқталғанша келісім тоқтай тұратынын" хабарлаған. Бұл компания Шарапованың ірі демеушілерінің бірі болған. Forbes есебінше, жарнамаға түскенінің арқасында әлемдегі ақысы аса қымбат спортшылардың бірі атанған Мария Шарапова 2015 жылы 29,5 миллион доллар табыс тапқан.

Мария Шарапова биылғы Австралия ашық чемпионатында допинг тексерістен өтпей қалғанын мәлімдеді. Ол 7 наурызда Лос Анджелесте өткен баспасөз мәслихатында мельдоний препаратын 10 жыл бойы қабылдап келгенін айтты. Ал WADA (Халықаралық антидопинг агенттігі) мельдоний препаратын 2016 жылдан бастап допинг тізіміне енгізген.

"Бұл әрекет үшін бүкіл жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен үлкен қателік жасадым. Спорттық карьерамды дәл осылай аяқтағым келмейді, маған теннисте қалуға тағы бір мүмкіндік беріледі деп үміттенемін" деді Шарапова.

Ресейлік теннисші, әлемнің экс-бірінші ракеткасы өзін қандай жаза күтіп тұрғанын нақты білмейтінін айтты.

28 жастағы теннисші Grand Slam жарыстарын бес рет ұтқан. Қазір ол әлемдік рейтингте 7-орында тұр.

XS
SM
MD
LG