Accessibility links

Мәскеудегі акция кезінде 35 адам тұтқындалды


Надежда Савченконың суреті жапсырылған аялдама. Мәскеу, 8 наурыз 2016 жыл.
Надежда Савченконың суреті жапсырылған аялдама. Мәскеу, 8 наурыз 2016 жыл.

Мәскеудегі "Маяковский" метро станциясы маңында украиналық ұшқыш Надежда Савченконы қолдап шыққан адамдардың 35-і ұсталды деп хабарлады ресейлік ақпарат құралдары. "ОВД-Инфо" порталының дерегінше, оларды арнайы көлікке салып, полиция бөлімшелеріне алып кеткен.

Журналист Анастасия Зотованың Twitter парағында хабарлауынша, ұсталғандардың көбі - әйелдер, олар Ресейде сотталып жатқан Надежда Савченконы жақтап қол ұстасып тұрғандары үшін қамалған.

Ресейшіл сепаратистермен соғысқан еріктілер батальонының мүшесі Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистердің қазасына қатысты айып тағылған.

Савченко биылғы 3 наурыздан бері, сот соңғы сөзін айтуға рұқсат бермей қойғаннан бері нәр татпай аштық жариялап жатыр. Ол өзін күштеп тамақтандыруға тыйым салатынын мәлімдеген, бірақ адвокаттардың айтуынша, Ресей заңдары бойынша адамның мұндай жолмен өлуіне жол берілмейді.

Жексенбі күні Савченконың адвокаты Марк Фейгин Украинаның "Новое время" газетіне наурыздың соңы мен сәуірдің басында Савченконы Украинаға беруі, оны Ресейдің Украинада қамалған екі азаматы, тыңшылар Александр Александров пен Евгений Ерофеевке айырбастауы мүмкін екенін хабарлаған.

Надежда Савченко Ресей тағып отырған айыптарды мойындамайды. Ол өзін отанына дереу қайтаруды талап етеді. Бұған дейін ол бірнеше рет аштық жариялаған еді.

XS
SM
MD
LG