Accessibility links

Серік Ахметовтің апелляциялық шағымы қарала бастады


Қарағанды облыстық сотындағы экс-премьер Серік Ахметовтің апелляциялық шағымы қаралып жатқан сот. 10 наурыз 2016 жыл.
Қарағанды облыстық сотындағы экс-премьер Серік Ахметовтің апелляциялық шағымы қаралып жатқан сот. 10 наурыз 2016 жыл.

Қарағанды облыстық сотында экс-премьер, коррупциялық қылмысқа қатысты 10 жылға сотталған Серік Ахметовтің апелляциялық шағымы қарала бастады. 2015 жылы желтоқсанда шыққан сот үкіміне берілген апелляциялық шағымды 12 сотталушы берген. Бұл іс бойынша барлығы 21 адам сотталған еді.

Шағым Ахметовтің адвокаттарының және ағасының қатысуымен қаралып жатыр. Ахметовтің өзі сотта жоқ. Сот залында апелляциялық шағым бергендердің адвокаттары мен шартты мерзімге сотталғандар қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, шағым бергендердің адвокаттары өтініш берген. Ахметовтің адвокаты Николай Лесник соттан іс материалына "мемлекетке келтірілген залалдың" өтелгені туралы квитанцияларды қосуды сұрады. Сот ол өтінішті әзірге ашық қалдырды.

Апелляциялық шағым қаралғанға дейін Николай Лесник "Ахметовтің достары" сот ісі бойынша Ахметов мемлекетке залал келтірді деген қаржыны мемлекетке өтегенін хабарлаған. Адвокаттың айтуына қарағанда, мемлекетке 2 миллиард 225 миллион теңге (шамамен алты жарым миллион доллар) төленген.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің адвокаты сотқа Әбдішевті шақыру туралы өтініш түсірді. Бірақ сот ол өтінішті қабылдамай тастады.

Қарағанды облыстық соты 11 желтоқсанда Серік Ахметовті "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыптап, 10 жылға соттаған. Сот Ахметовтің дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. Ахметов пен сотталушылардың көпшілігі тағылған айыпты мойындамайды. Осы іске қатысты Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бес жылға сотталған. "Металлургия және металл өңдеу" компаниясының бұрынғы директрры Анатолий Эссе жеті жылға сотталған. Оның бұрынғы орынбасарларыОразалы Айменбетов пен Болатбек Искаков үш жарым жылға сотталған. Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин төрт жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG