Accessibility links

Сайлаудан шығарылған кандидаттар Назарбаевқа жүгінді


Астана қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттықтан түсірілгендер: (солдан оңға қарай) Алмат Салғарин, Аида Жексенова, Фатима Жандосова және Дәулет Құдайбергенов. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.
Астана қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттықтан түсірілгендер: (солдан оңға қарай) Алмат Салғарин, Аида Жексенова, Фатима Жандосова және Дәулет Құдайбергенов. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.

Астанада бүгін қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттықтан алынған төрт адам баспасөз жиынын өткізіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады. Төрт адам үндеуінде президенттен өздерін кандидат ретінде тіркеуден алып тастаған қаланың округтік сайлау комиссияларының әрекетін заңсыз деп тануға шақырды. Баспасөз жиынын өткізгендер Назарбаевтан "Орталық сайлау комиссиясының әрекетсіздігіне" баға беріп, "Сайлау туралы" заңды өзгертуді сұрады.

Өзін-өзі ұсынған бұрынғы кандидаттар - Аида Жексенова, Фатима Жандосова, Дәулет Құдайбергенов пен Алмат Салғаринның барлығынан бірдей салық декларациясындағы немесе зейнетақы аударымдарындағы мәліметтердің "сәйкеспейтінін" анықтаған. Бұрынғы кандидаттар сайлаудан шеттетілгенін өздерінің белсенділігімен байланыстырады.

Дәулет Құдайбергеновтың айтуынша, олар ресми құжаттады электронды үкімет порталынан, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, банктерден алған. Айырмашылық "банк есеп-шоттарындағы көрсетілмеген 10 теңгеде" болып тұр.

- Банк есеп-шоттарындағы айырма сомасы болмашы ғана. Біз, өзін-өзі ұсынған кандидаттар, көрсетілген айырмалар шартты сипатта ғана деп санаймыз округтік комиссиялар оларды бізді сайлаудан шеттетуге шартты негіз ету үшін ғана көрсетті деп санаймыз, - дейді Аида Жексенова.

Сайлаудан шығарылған кандидат, физик әрі өнертапқыш Алмат Салғарин өзін Астанадағы №11 сайлау округі бойынша сайлаудан "Нұр Отан" партиясының кандидатына дебат өткізуді ұсынған соң шығарып тастағанын айтады. №2 округ бойынша түспек болған Фатима Жандосованың айтуынша, өзін белсенді сайлау кампаниясын жүргізгені үшін шығарған болуы мүмкін. Ал №12 округ бойынша сайлаудан шеттетілген Аида Жексенова ОСК-ға өз округі бойынша сайлау часкесі орналасқан №17 мектептің директоры сайлауға түсіп жатқанын айтып шағым жазған.

Кеше ОСК жергілікті ақпарат құралдарына қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлаудан "салық декларациясындағы сәйкессіздіктен" шығарылғанын хабарлаған. ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев "қаржылық мәселесін шеше алмайтын" кандидаттардың "мемлекет қаржысымен жұмыс істей алатыны неғайбыл екенін" айтып, сайлаудан шығарылған кандидаттардың біліктілігіне күмән келтірген.

XS
SM
MD
LG