Accessibility links

ИМ-нің мыңдаған содырына қатысты ақпарат әшкереленді


Sky News телеарнасы қолға түсірген Им содырлары жайлы құжат көшірмесі.
Sky News телеарнасы қолға түсірген Им содырлары жайлы құжат көшірмесі.

Ұлыбританияның Sky News телеарнасы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының 22 мың содырының аты-жөні, мекен-жайы, телефон нөмірлері мен отбасы мәліметтері жазылған құжаттарды қолға түсіргенін хабарлады.

Телеарна құжаттарды ИМ-нің бұрынғы мүшесі, ұйымға наразы бұрынғы содырдан алғанын айтады. Құжаттарды берген адам оны "ИМ-нің ішкі қауіпсіздік полициясы басшысынан ұрлап алғанын" айтқан.

Sky News мәліметінше, құжаттарда 51 мемлекеттен шыққан содырларға қатысты ақпарат бар. Телеарна құпия мәліметтер жайлы Ұлыбритания билік орындарын хабардар еткен.

ИМ құжаты жайлы ақпаратқа қатысты Ұлыбританияның я ішкі істер министрлігі, я сыртқы істер министрлігі әзірге түсінік берген жоқ.

Sky News көрсеткен құжат көшірмелерінде содырлар қатарына тартылған адамдардың 23 сұраққа, оның ішінде қан тобы, анасының үйленбей тұрған кездегі тегі, "шариғатты түсіну деңгейі", бұған дейінгі тәжірибесі сияқты сұрақтарға жауап бергені көрінеді.

Құжаттарды флэш картаға Абу Хамед деп аталатын, ИМ қатарына өтіп кеткен Ерікті Сирия армиясының бұрынғы сарбазы енгізген. Кейін ол "ИМ-ге кіруге жігерлендірген ислам құндылықтары ұйымда атымен жоғына" көңілі қалғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG