Алматы қаласының 2016 жылғы бюджеті 80 миллиард теңгеге (232 миллион доллар) ұлғайды. Қала бюджетін нақтылау бүгін қалалық мәслихат сессиясында мақұлданды.
Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Алматыға республикалық бюджеттен қосымша 58 миллиард теңге, қаланы дамытуға 21 миллиард теңге бөлінген. Алматы билігі бұл қаржыны 2017 жылы өтетін универсида жобаларына және медициналық көмек көрсетуге, жергілікті бюджет шығынын өтеуге, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсамақ.
Алматы қаласы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының ақпаратына қарағанда, қала бюджетінде қаланы көріктендіру, қоғамдық көліктер мен жедел жәрдем көліктерін газбен жүретін қондырғымен жабдықтау қарастырылған.