Accessibility links

Матаевты қорғау комитеті "заң бұзылғанын" айтты


Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев.

Алматыда бүгін Ұлттық баспасөз клубында Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты қорғау комитетінің баспасөз конференциясы өтті. Жиынға қатысқандар Қазақстанның коррупцияға қарсы бюросын Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевтың ісін тергеуде "заң бұзып отыр" деп айыптады.

Жиынды комитет құрамына кіретін "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау қоры жетекшісі Тамара Калеева, "Адам құқығы хартиясы" қоры редакторы Жеміс Тұрмағамбетова, "Ақ Жайық" медиа-холдингі төрағасы Әбділда Мұқашев, Матаевтың адвокаттары Андрей Петров пен Мадина Бакиева өткізді. Комитет өкілдерінің пікірінше, тергеушілер тергеуге шақырылған ақпарат құралдарының бас редакторларынан ақпаратты жарияламау туралы қолхат талап еткен және Сейітқазы Матаевтың отбасы мүшелерін тергеуге тырысқан.

Матаевтың адвокаттары "коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысы орынбасары Талғат Татубаевты қылмыстық іс мәліметтерін баспасөзде жариялап жібергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап", прокуратураға арыз түсіргендерін айтты.

Адвокаттар 13 наурыз күні Матаевты тергеу мерзімі аяқталғанын, өздеріне тергеудің ұзартылғаны туралы ешқандай құжат келмегенін айтты. Олардың сөзінше, өткен сенбіде тергеушілер Матаевты қан қысымының көтеріліп тұрғанына қарамастан жауапқа шақыртуға тырысқан.

- Оның қан қысымы 226-110 болып тұрды. Бірақ тергеуші бізге қысым өлшейтін аспаптың тілін бұрап қойдыңдар деді. Біз дәрігер шақыртып, қосымша қағаз толтыртуға мәжбүр болдық, - деді Петров. Адвокаттар бұған қоса, Матаевқа қатысты "құпия жедел шаралар" жүргізіліп жатқанын айтады.

- Көбінесе телефонда бөтен дыбыс естіліп тұрады. Немесе телефон тұтқасын көтерсең бөтен әңгіме жүріп жатады, - деді Андрей Петров.

Мадина Бектаева "телефондағы әңгімені тыңдау мен аңдуды адвокаттарға қысым деп бағалайтынын" айтты.

Комитет сонымен қатар баспасөз баянын таратты. Онда Германия бундестагының экс-депутаты Виола фон Крамонның Сейітқазы Матаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылмаса, еуропалық делегацияның EXPO-2017 көрмесіне қатыспауы мүмкін екенін ескерткені айтылады.

Крамон бұл мәлімдемесін Deutsche Welle агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Баспасөз баянында бұған қоса, Еуропа парламентінің 10 наурызда қабылдаған Қазақстандағы сөз бостандығы жайлы қарары да айтылады. Қарарда Еуропа парламенті Қазақстандағы журналистерді, оның ішінде Сейітқазы Матаевты қудалауды тоқтатуға шақырған.

Қазақстан билігі Матаевты мемлекет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп айыптайды. Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр.

XS
SM
MD
LG