Accessibility links

Саяси партиялардың сайлауалды дебаты басталды


"Қазмедиа орталығында" өтіп жатқан парламент мәжілісі сайлауына түсетін саяси партиялардың сайлауалды дебатынан трансляция. Астана, 16 наурыз 2016 жыл.
"Қазмедиа орталығында" өтіп жатқан парламент мәжілісі сайлауына түсетін саяси партиялардың сайлауалды дебатынан трансляция. Астана, 16 наурыз 2016 жыл.

Астанада бүгін "Қазмедиа орталығында" парламент мәжілісі депутаттығына ерте сайлауға түсетін саяси партиялардың дебаты басталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, дебат орталықтың бірінші қабытында өтіп жатыр. Бірақ дебатқа журналистер кіргізілмеді. Журналистерді орталықтың бесінші қабатында монитор орнатылған жеке бөлмеге кіргізді.

Дебатқа сайлауға алты саяси партия - биліктегі "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол", "Ауыл", "Бірлік", Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚХКП) мен өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) бір-бір өкіл қатысып жатыр.

Дебатқа "Нұр Отан" атынан партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, "Ақ жол" атынан партия төрағасы Азат Перуашев, "Ауыл" атынан партия төрағасы Әли Бектаев, "Бірлік" атынан партиядан мәжіліс депутаттығына кандидат Роза Қуанышбаева, ҚХКП атынан экс-депутат Владислав Косарев, ЖСДП атынан мәжіліс депутаттығына кандидат Зәуреш Батталова қатысып жатыр.

Дебат үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде партиялар өкілдері әлемдік экономикадағы ахуалға қатысты ой-пікірлерін, ұстанымдары мен көзқарастарын айтады. Екінші бөлім сұрақ-жауапқа арналған. Үшінші бөлім Қазақстандағы транспорттық логистиканы дамыту тақырыбына арналған. Дебат ережесін таныстыру кезінде бұл үш тақырыптан ауытқыған партия өкілінің микрофоны автоматты түрде өшірілетіні ескертілді.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы дебат мемлекеттік "Хабар" телеарнасынан 16 наурыз күні кешке көрсетілетінін хабарлаған.

Қазақстан парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттығына ерте сайлау 20 наурызға белгіленген.

XS
SM
MD
LG