Франция президенті Франсуа Олланд және Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель былтыр күзде Парижде болған терактілерге күдікті адамның тұтқындалғаны туралы ақпаратты растады.
Брюссельде туған француз азаматы Салах Абдеслам Франция астанасында жасалған террорлық шабуылдарға қатысы бар деген күдікке ілінгендердің арасында тірі қалған жалғыз адам саналады. Брюссельдің Моленбек ауданында күдіктіні ұстау барысында ол аяғынан жараланған.
Полиция Абдесламды қолға түсірген соң да арнайы операцияны жалғастырып, сол күні тағы бірнеше адамды ұстаған.
Бұған дейін жұма күні Бельгия прокуратурасы содан бірнеше күн бұрын Салах Абдеслам тығылған деген күдікке ілінген пәтерден табылған оның саусақ іздерінің табылғанын мәлімдеген. Бұл мәлімдемеден кейін Бельгия ақпарат құралдары полиция сейсенбіде жүргізген операция кезінде Абдеслам із жасырып үлгерген болуы мүмкін деген жорамал жасаған еді.
Брюссельдегі операцияны бельгиялық және француз арнайы қызметтері бірлесіп жүргізгені айтылады. Брюссельде Еуропа Одағы саммитіне қатысқан Франция президенті Франсуа Олланд Моленбектегі операцияның барысын Бельгия премьер-министрі Шарль Мишельмен бірге бақылаған деп хабарланды.
2015 жылы 13 қарашада Парижде жасалған террорлық шабуылдар салдарынан 130 адам қаза тапқан.