Accessibility links

Қырғыз-өзбек шекарасында жағдай өзгеріссіз қалып отыр


Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі.

Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасындағы даулы аймаққа екі мемлекет те шағын әскери бөлімшелерін орналастырғалы бері жағдай өзгеріссіз қалып отыр.

Ресми Бішкек Өзбекстан жағы бұған дейінгі келісімдерге қарамастан, мемлекеттік шекараның екі ел арасында әлі келісім жасалмаған тұсына өз әскерилерін апарды деп мәлімдеген. 18 наурыз күні Жалалабад облысы Ала-Бука ауданындағы қырғыз-өзбек шекарасының нақтыланбаған тұсына Өзбекстан қос-қостан БТР, «КАМАЗ» және әскерилерін апарып қойды деп мәлімдеді Бішкек. Қырғызстан да әлгі жерге өз шекарашылары мен екі бронетранспортер орналастырған.

Онда келіссөздер өтіп жатыр, Қырғызстан шекарашылар бөлімшелерінің ары қарайғы іс-әрекеттерін үйлестіру үшін ол жерге Қырғызстан шекара қызметі төрағасының орынбасары Талайбек Усубалиев барған.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің мемлекеттік шекара күзеті жөніндегі комитеті Өзбекстан Қырғызстанмен шекарасындағы күзетті Наурызды тойлауға дайындыққа бола күшейтті деп мәлімдеген.

«(Шекарадағы) күзетке қосымша бронетехника жұмылдырылған. Және де аталған әскери техниканың барлығы Өзбекстан аумағында тұр, ал мемлекеттік шекара аумағын күзету – нақтыланбаған жерге кірмеу туралы жасалған екіжақты келісімге сәйкес атқарылып жатыр» деп мәлімдеген Ташкент.

Көршілес екі ел арасындағы шекарада өткізу бекеттерінің кейбірі Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары үшін кешеден бері жабық тұр. Кейбір бекеттерде ішінара шектеу енгізілген. Бұл шектеудің себептерін Қырғызстан мен Өзбекстан биліктері әрқайсысы әртүрлі түсіндіреді.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара бойында екі тарап әлі толық шешімін таппаған даулы жер телімдері бар.

XS
SM
MD
LG