АҚШ президенті Барак Обама 20 наурызда екі күндік ресми сапармен Кубаға барады. Кубадағы 1959 жылғы революциядан бері бұл елге АҚШ президенттері сапарлап барған емес.
Обама бір жарым жыл бұрын АҚШ-тың Кубаға қатысты саясатын өзгертіп, қырғи-қабақ соғысы кезеңінен бері бұл елмен тоқтап қалған қарым-қатынасын қалпына келтіре бастаған.
Ақ үйдің хабарлауынша, Обаманың сапары - АҚШ эмбаргосынан зардап шегіп отырған кубалықтардың өмірін жақсартуға арналған алғашқы ірі қадам.
Обама Гаванада Куба президенті Рауль Кастромен, саяси диссиденттермен кездеседі.
Ақ үй шенеуніктері Обама екі ел арасындағы терең және күрделі қайшылықтарды жұмсарта алмауы мүмкін дейді. Сарапшылар Обама тіпті қарым-қатынасты жақсартуға жұмыс істеп жатса да, оның Кастромен және саяси диссиденттермен жасаған мәлімдемесі "АҚШ президенті Куба билігін уәде еткен реформаларды орындатуға күштеп итермелеп отыр" деген тұрғыда талданатынын айтады.