Қырғызстан мен Өзбекстан шекарадағы даулы аймаққа жиналып қалған әскер санын азайтты деп хабарлады қырғыз шекара қызметінің төрағасы Райымберді Дүйшенбиев Азаттыққа. Оның сөзінше, екі елдің әрбірі Чал-Сарт деп аталатын аумақтағы 20 сарбазының 8-ін ғана қалдырған.
Наурыздың 18-і күні сағат 7.40-та Өзбекстан Қырғызстанмен шекарасы бойындағы Моғол атырабындағы даулы аймаққа екі беренді транспортер мен екі «КамАЗ» көлігін және әскерін әкеліп орналастырған.
Чал-Сартқа өзбек әскері келген соң Қырғызстан да шекара бөлімшелеріне жауынгерлік әзірлігін күшейте беруді тапсырған. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты Өзбекстанға нота жолдаған.
Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ақсы ауданы әкімі Медет Айдарәлиевтің хабарлауынша, Қырғызстан мен Өзбекстан арасында көлемі 38 гектар болатын, Кербен-Алабұқа автотрассасының 1,8 километрі өтетін даулы учаске Чал-Сарт деп аталады.