Киев Ресей сотының украиналық әскери қызметші Надежда Савченкоға шығарған үкімін «ешқашан мойындамайды» деп мәлімдеді Украина президенті Петр Порошенко сейсенбі күні. Ол Савченкоға үкімді айыптап, Ресей президенті Владимир Путиннің «норман форматындағы кездесу кезінде Надежда Савченконы Украинаға қайтаруға уәде еткенін» еске салды.
«Сол уәдені орындайтын сәт туды!» - деп мәлімдеген Порошенко, «Украинаға қарсы қарулы басқыншылыққа қатысқаны үшін ұсталған» екі ресейлік әскери қызметкерді Савченкоға айырбастауға әзір екенін айтқан.
Сейсенбі күні Савченкоға шығарылған үкімді тыңдауға қатысқан Украина президентінің баспасөз хатшысы Святослав Цеголко Ресей тарабы Минск келісімдеріне қайшы келіп, Савченконы өз аумағында заңсыз ұстап отырғанын, бұған жауап ретінде Кремльге қарсы «бұрынғыдан күшті санкциялар» енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Ресейдің Ростов облысында Донецк қалалық соты 22 наурыз күні украиналық ұшқыш Надежда Савченконы 2014 жылы жазда Украинаның Луганск қаласы маңында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына кінәлі деп тауып, оған 22 жыл түрме жазасын тағайындаған. Сот Савченкоға Ресей шекарасын «заңсыз кесіп өткені» үшін 30 мың рубль айыппұл төлеуді де міндеттеген.
Ресей тарабы «Савченко журналистердің қай жерде екенін анықтап, артиллеристерге олардың тұрағын көрсеткен» дейді. Бірақ Надежда Савченко өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.