Қырғызстан үкіметі елдің оңтүстігіндегі Ош қаласына жергілікті билік органдары сайлауы қарсаңында үш мыңға жуық полиция қызметкерлерін жіберді. Аймақтық полиция департаментінің өкілі Женіш Аширбаевтың Азаттыққа хабарлауынша, Ош қаласы орталығында құқық органдары қызметкерлеріне екі мыңдай еріктілер қосылған.
Аширбаев Ош қаласына полиция күштерінің орналастырылуын 27 наурызға белгіленген «сайлау қарсаңындағы жоспарлы шара» деп түсіндірді.
Бұған дейін қырғыз оппозициясы наурыздың 24-іне оңтүстік өңірде үкіметке қарсы жаппай наразылық шерулерін өткізуді жоспарлап отырғаны туралы хабарланған. Кеше Ақсы ауданы орталығы Кербен кентінде жүздеген адам жиналып, қырғыз-өзбек шекарасындағы даулы жер мәселесіне қатысты нақты іс бітірмей отыр деп билікті сынаған.