Accessibility links

Мәскеу: Сирияда Ресейдің арнайы әскері бар


Сириядағы Хмеймим әуе базасынан оралған ресейлік Су-34 әскери ұшақтары мен олардың экипажын қарсы алу сәті. Воронеж облысы, 15 наурыз 2016 жыл.
Сириядағы Хмеймим әуе базасынан оралған ресейлік Су-34 әскери ұшақтары мен олардың экипажын қарсы алу сәті. Воронеж облысы, 15 наурыз 2016 жыл.

Ресейлік жоғары шенді әскери қызметкер Сирияда барлау жүргізіп, басқа да "арнайы тапсырмаларды" орындайтын арнайы әскер бөлімі әрекет ететінін мәлімдеді деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі. "Сирияда біздің арнайы операция жүргізетін бөліміміз де әрекет ететінін жасырмаймын" деген Ресейдің Сириядағы контингентінің қолбасшысы Александр Дворников агенттікке.

Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Сириядан ресейлік әскери ұшақтардың көбін әкетуге бұйрық берген. Бірақ ол экстремистік "Ислам мемлекеті" және "Нусра майданы" ұйымдарына соққы беру тоқтамайтынын айтқан. "Арнайы әскери жасақ Ресей авиациясы соққы жасайтын нысандарға алдын ала барлау жасайды, ұшақтарды қашық аудандардағы нысаналарға бағыттайды, басқа да арнайы тапсырмаларды орындайды" деген Дворников.

Ресейдің Сириядағы контингенті қолбасшысы мәлімдемесін Сирия үкіметі әскері мен олардың одақтастары ежелгі Пальмира қаласына шабуылда алға жылжи бастаған мезгілде жасап тұр. ИМ содырлары Пальмираны өткен жылдың мамырында басып алған. Содырлар тарихи қаладағы ежелгі дәуірлерден сақталып қалған храмдар мен ескреткіштерді қиратқан.

Сарапшылардың пікірінше, Пальмираны алу Ресей Сириядағы қақтығысқа араласқаннан соң елдегі күштердің ара салмағы Сирия президенті Башар Асад жағына ауғаннан кейінгі оның ең ірі жетістігі болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG