Accessibility links

Дубайда ұсталған Әділ Тойғанбаев кепілге босатылды


Әділ Тойғанбаев.
Әділ Тойғанбаев.

Дубайда ұсталған Қазақстан азаматы, Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақавтың күйеубаласы Әділ Тойғанбаев кепілге босатылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясы Қырғызстан сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Нұрлан Сүйөрқұловқа сілтеме жасап хабарлады. Сүйөрқұловтың айтуынша, Тойғанбаев Біріккен Араб Әмірлігі (БАӘ) аумағынан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Әділ Тойғанбаев наурыздың басында Дубайда Бішкектің сұрауымен ұсталған еді. Кейін сыртқы істер министрлігі БАӘ-мен Тойғанбаевты экстрадициялауға қатысты келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған.

Қырғызстан құқық органдары Тойғанбаевтың үстінен «салық төлеуден жалтарды» және «қаржылық алаяқтық жасады» деген айыптар бойынша іс қозғап, оған Интерпол арқылы іздеу жариялаған.

Әділ Тойғанбаев бұған дейін 2014 жылы Ресей астанасында бір аптаның ішінде екі рет ұсталып, бірақ кейін босатылған. Сонымен қатар, 2013 жылы Интерполдың сұрауы бойынша Қазақстан құқық органдары да оны ұстап, бірақ Қазақстан үкіметі өз азаматтарын үшінші елге экстрадицияламайтынын мәлімдеп, оны Бішкекке экстрадициялаудан бас тартқан.

50 жастағы Әділ Тойғанбаев – Қырғызстанның алғашқы президенті Асқар Ақаевтың қызы Берметтің күйеуі. 2005 жылы наурызда Ақаев Қырғызстанда болған «қызғалдақ революциясы» кезінде Ресейге қашқан, Әділ Тойғанбаев та Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болған. Сол жылы Қырғызстанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG