Accessibility links

Атыраулық экс-полицейдің хаты бойынша тергеу басталды


Атырау полициясы (Көрнекі сурет).
Атырау полициясы (Көрнекі сурет).

Атыраулық бұрынғы полицей Манарбек Өтеуовтің әлеуметтік желі арқылы тараған даулы хатында жазылғандарды Атырау облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры тергеп жатыр. Істі бас прокуратура бақылауға алған.

Бұл жайлы Азаттыққа Атырау облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры Сырым Ақболатов мәлімдеді. Оның сөзінше «қасақана кісі өлтіру» және басқа да бірнеше қылмыстық баптармен айыпталған бұрынғы полицейдің ісі қазір сотта қаралып жатыр.

- Менің тергеп жатқаным - іс аяқталатын кезде ол Атырау қалалық ішкі істер басқамасы қызметіне қатысты көрсеткен жағдайлар. Соның анық-қанығын тергеп жатырмын,- деді Сырым Ақболатов.

Арнайы прокурор тергеу құпиясына сілтеп, бұдан әрі мәлімет беруден бас тартты.

Бұрынғы полицейдің даулы мәлімдемесіне қатысты арнайы прокурор тергеуі 1 ақпанда басталған. Оның құрамына Атырау облыстық ішкі істер департаментінің қауіпсіздік қызметі тобы да кірген.

Бұдан бөлек прокурор Сырым Ақболатов Манарбек Өтеуловтың әйелі Индира Мерекееваның президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатындағы «арнайы прокурор А. Бахрединов пен процессуалдық прокурор Р.Кемел менің күйеуім мен А. Құрбанбаевтың жасаған қылмысы жария болмауына барын салды» деген айыптауларға қатысты да түсініктеме берді.

- Оның әйелінің арызына қатысты облыстық ішкі істер департаменті тергеп жатыр. Біз өзімізді өзіміз тергемейміз ғой,- деді арнайы прокурор.

Жуырда әлеуметтік желіде атыраулық бұрынғы полицей Манарбек Өтеуовтың арнайы тапсырыспен Өзбекстан азматы Дмитрий Кимді өлтіргені үшін марқұмның отбасы мен өз туыстарынан кешірім сұрап, өкінген хаты жарияланған еді. Онда бұрынғы полицей Атырау қалалық ішкі істер басқармасындағы бірқатар лауазымды тұлғалардың атын атап, ішкі істер басқармасын "жезөкшелерден, бизнесмендерден ақша бопсалайтын үлкен бизнес орталығы» деп мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG