Бельгия полициясы Брюссельдегі Схарбек ауданында арнайы операция өткізіп, тағы бір күдіктіні ұстады деп хабарлады аудан басшысы Бернар Клерфайт. Оның айтуынша, аты-жөні құпия күдікті қолға түскен кезде жеңіл-желпі жараланған.
Бельгиялық Belga ақпарат агенттігінің полицияға сілтеме жасап хабарлауынша, Брюссельдегі арнайы операция Францияда жасалуы мүмкін делінген шабуылдың алдын алу мақсатында өткен.
Бельгия полициясы бүгін Брюссельдегі әуежай мен метрода болған жарылыстарды тергеу аясында тағы алты адамды ұстаған. Олардың аты-жөндері, жарылысқа қатысы бар-жоғы әлі айтылған жоқ. Германияда екі адам, Францияда (Парижде) бір адам ұсталған.
Брюссельде 22 наурызда болған террорлық шабуылдар салдарынан 31 адам қаза тапқан, 300-дей адам жараланған. Шабуылдарға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алатынын мәлімдеген.