Accessibility links

"Матаев ісіне" қатысты үш адам қамалды


Ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев.
Ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев.

Медеу аудандық соты бүгін үш адамды Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевтың ісіне қатысты 25 мамырға дейін қамауға алу туралы шешім шығарды деп хабарлады Алматы қалалық соты.

Ол азаматтар - инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев, комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бек Арпабаев және "Қазақтелеком" компаниясының стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетажиев.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросының Алматы қалалық департаменті Берсебаев пен Арпабаевты Матаев пен ҚазТАГ агенттігіне қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында 25 наурызда ұстаған.

Департамент мәліметіне қарағанда, тергеу барысында 2010-2015 жылдары мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға бөлінген 160 миллион теңгеден астам қаржы жымқырылғаны анықталған. "Аталған тұлғалар ҚазТАГ агенттігімен ғана келісім жасасу үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңды өрескел бұзған" делінген ресми ақпаратта.

Сейітқазы Матаевты ұлы Әсет Матаевпен бірге 22 ақпанда Алматы қаласының антикоррупциялық қызметіне тергеуге апарған. Сейітқазы Матаев бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталып, 24 ақпанда үйқамаққа алынған. Ал Әсет Матаев бүгін үйқамаққа алынды.

XS
SM
MD
LG