Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы Дағыстан республикасында полицияның екі көлігінің жарылысынан бір полицей қаза тауып, екеуі жараланды.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, оқиға 29 наурыз күні кешке жақын болған.
Ресейлік ақпарат агенттіктері жарылыс Дағыстан астанасы Махачкалаға жақын Новый Хушет қаласының маңында болғанын айтады. Полиция қазір жарылысты тексеріп жатыр.
Reuters агенттігінің Дағыстан полициясының ресми өкілі Фатина Убайдатоваға сілтеме жасап хабарлауынша, көлікте қандай бомбаның жарылғаны әзірге анықталмаған.
"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымын қолдайтын Amaq ақпарат агенттігі 30 наурызда шабуылды ұйымның жергілікті бөлімшесі жасағаны туралы мәлімдеме таратты. Ұйым бұған дейін де Солтүстік Кавказда қауіпсіздік күштері қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды мойнына алған.
Дағыстанда Солтүстік Кавказда "ислам халифатын" орнатқысы келетін исламшыл бүлікшілер полицияға, жергілікті билік өкілдері мен исламның дәстүрлі саналатын бағытын ұстанатын дін өкілдеріне жиі шабуыл жасайды.