Германия сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы Франк-Вальтер Штайнмайер Ташкентті Өзбекстандағы адам құқығын сақтауға шақырды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов 30 наурызда Ташкентте Штайнмайермен кездесті. Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, бірлескен білім беру жобаларын дамыту және аймақтық, халықаралық деңгейдегі кейбір мәселелер талқыланған.
Сапары барысында Штайнмайер Өзбекстан үкіметін "елдегі адам құқығы жағдайын жақсарту жолына түсуге" шақырған.
dpa агенттігінің хабарлауынша, дипломатиялық дереккөздері Штайнмайер кездесуінде Ташкентті бірқатар бюрократиялық кедергілерді жоюға шақырып, Берлиннің Өзбекстандағы ішкі саяси жағдай туралы "ашық диалог" орнатуға мүдделі екенін айтқан.
Штайнмайер 30 наурызда Ташкентте Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен де кездескен. Штайнмайер Өзбекстанға Орталық Азияға сапары аясында барған. Өзбекстаннан соң ол Қырғызстан мен Тәжікстанға барады.