Ресми Астана Таулы Қарабақта жанжал аймағында адамдардың қаза болуына қатты алаңдаушылық танытып, тараптарды ұстамдылық танытуға және оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң ұстануға шақырады. Бұл туралы бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған.
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Карабақ мәселесін реттеу бойынша Минск тобының күш-жігерін қолдай отыра, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешу қажеттілігі жөнінде ұстанымымызды қайта растаймыз» делінген мәлімдемеде.
Қазақстан Таулы Карабақ мәселесінің пәтуалық шешімдерін іздеу үдерісін жандандыра түсуді жақтайтынын және жанжалды реттеуде ілгері жылжу үшін мүдделі тараптардың сындарлы көзқарас танытатынына сенім артатынын білдірген.
Таулы Қарабақта жанжал аймағындағы жағдай сенбіге қараған түні атыстан кейін ушығып кеткен. Ереван мен Баку «атқылауды бірінші болып бастады» деп бір-бірін айыптайды.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі сенбідегі ұрыстар барысында 12 әскери қызметшісі қаза болғанын хабарлады. Армения жағынан кеше 18 сарбаз қаза тауып, тағы 35-і жараланғаны туралы ел президенті Серж Саргсян мәлімдеген. Сонымен бірге бейбіт тұрғындар арасында екі адам қаза болғаны туралы дерек бар.
Жексенбі күні Әзербайжан қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақтағы қарулы жанжал аймағындағы әскери іс-қимылдарды біржақты түрде тоқтататыны туралы мәлімдеген. Бірақ, Армения Әзербайжанды «атқылауды тоқтатпай отыр» деп айыптаған.