Accessibility links

Степанакерт: Қарабақта шайқас жалғасып жатыр


Таулы Қарабақтан жеткізілген жаралыларды Еревандағы ауруханаға әкеле жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. 2 сәуір 2016 жыл.
Таулы Қарабақтан жеткізілген жаралыларды Еревандағы ауруханаға әкеле жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. 2 сәуір 2016 жыл.

Қарабақтағы қарулы жанжал аймағында шайқас жалғасып жатыр деп мәлімдеді бүгін өзін өзі жариялаған Таулы Қарабақ республикасы (ТҚР) қорғаныс министрлігі.

ТҚР мәлімдемесінде 3 сәуірде таңертең Әзербайжан тарапы даулы аймақтағы сызықтың оңтүстік бағытында әскери іс-қимылдарын жалғастырып, артиллериялық зымыран қаруы мен беренді техниканы қолданды делінген. ТҚР өз кезегінде оған жауап ретінде тиісті шараларды қолға алып жатқанын хабарлаған.

Таулы Қарабақтағы екі тарап арасындағы сызық бойында сенбіге қараған түні атыстың соңы шайқастарға ұласып кеткен. Ереван мен Баку «атқылауды бірінші болып бастады» деп бір-бірін айыптайды.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі сенбідегі ұрыстар барысында 12 әскери қызметшісі қаза болғанын хабарлады. Армения президенті Серж Саргсян елінің қарулы күштерінен 18 сарбаз қаза тауып, тағы 35-і жараланғаны туралы мәлімдеген. Сонымен бірге бейбіт тұрғындар арасында екі адам қаза болғаны туралы дерек бар.

Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысы 1988 жылы Әзербайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдегеннен кейін, оның соңы Армения мен Әзербайжан арасында қарулы жанжалға ұласқан. 1991 жылы Степанакертте Таулы Қарабақ республикасы құрылғаны туралы жарияланды. Қарулы қақтығыстар барысында 30 мыңға жуық адам қаза тапқан. 1994 жылы атысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткенімен, тараптар әлі күнге дейін бейбітшілік бітімін жасау туралы келісімге келе алмай отыр.

XS
SM
MD
LG