Accessibility links

Орал билігі: Көрме залы сатылмайды


Оралдың орталығындағы мемлекеттік көрме залы. 5 сәуір 2016 жыл.
Оралдың орталығындағы мемлекеттік көрме залы. 5 сәуір 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласының билігі қаладағы жалғыз мемлекеттік көрме залы сатылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Оралда өткен баспасөз жиынында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Ирина Какойло хабарлады.

"Бізде көрме залын сатуға қоятын ешқандай құжаттық алғышарттар жоқ. Бұл нысан - мемлекеттің және мәдениет бөлімінің меншігі. Орал әкімдігі көрме залын сату немесе жекеге беруді жоспарламаған және ондай жоспары да жоқ" деді Ирина Какойло.

Оның сөзінше, көрме залын жөндеу керек және билік оған қажетті қаржы іздестіріп жатыр. Зал соңғы рет 2007 жылы жөнделген.

Қала орталығындағы жалғыз көрме орталығының "жеке меншікке сатылатыны" туралы әлеуметтік желіде жергілікті дизайнер және суретші Дмитрий Волкогонов хабарлаған. Ол желіде залды сатуға қарсы петицияға қол жинау ұйымдастырып, мәдениет және спорт министрінің блогына шағымданған. Интернетте петицияға 150-ден астам адам қол қойған.

Баспасөз жиынынан соң Волкогонов Азаттыққа "суретшілер мен биліктің бір-бірін тыңдағанына" қуанышты екенін айтты.

"Біз суретшілер өз орнында қала алатынын дәлелдедік. Енді ол жерде жөндеу жүргізіліп, зал жаңартылады деген үміттеміз" деді Волкогонов.

Оралдың орталығындағы 288 шаршы метрлік көрме залына жергілікті көркемөнер мектептерінің, колледж бен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері, сырттан келген суретшілер мен фотографтар және дизайнерлер туындыларын қояды.

XS
SM
MD
LG