Accessibility links

Алматыда "Сенім. Білім. Өмір" РҚБ мүшесі сотталды


Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).
Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).

Алматының мамандандырылған аудандаралық қылмыстық істер соты тыйым салынған "Сенім. Білім. Өмір" республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) мүшесін 10 жылға соттады.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірлестік "мүшесі" М.Нысанбаев "заңсыз қоғамдық және басқа да бірлестіктер құру немесе олардың қызметіне қатысу", "бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты
оған қатысу", "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу", "адам ұрлау", "бас бостандығынан заңсыз айыру" баптары бойынша айыпты деп танылған. Сот Нысанбаевты 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім кескен. Нысанбаев бұған дейін іздеуде жүріп, 2015 жылы ұсталған.

Сот мәліметінше, Нысанбаев 2010 жылы бірлестік филиалының басқа да өкілдерімен бірге арасында кәмелетке толмаған бала бар - тоғыз адамды ұрлаған. "Нысанбаев ұрлаған адамдарды азаптап, денсаулықтарына ауыр зардап келтірген. Салдарынан жәбірленушілердің бірі қайтыс болған. Тағы бір адам өз-өзіне қол салған" делінген сот ақпаратында.

2002 жылы құрылған «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі 2012 жылы маусымда экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

2011 жылы қазанда Алматы соты бірлестік қызметіне қатысты "Сопылар ісі" аталып кеткен қылмыстық іс бойынша жиыны 9 адамды 2 жылдан 14 дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарған. Сотталғандар арасында бірлестіктің Алматы қалалық филиалының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай «адам құқығын заңсыз шектеді», «қылмыстық топ құрды»,«уахабшылардың құқығын бұзды», т.б. айыптар негізінде тергеліп, 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ ғалымның адвокаттары, қоғам өкілдері "Саят Ыбырай діни сенімі бойынша қудаланып жатыр" деп, сот үкімімен келіспеген.

XS
SM
MD
LG