Accessibility links

Ресей Өзбекстанның қарызын кешірді


Өзбекстан мен Ресей президенттері Ислам Каримов (сол жақта) пен Владимир Путин.
Өзбекстан мен Ресей президенттері Ислам Каримов (сол жақта) пен Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Өзбекстанның 865 миллион доллар қарызын кешіру жайлы құжатқа қол қойды деп хабарлады ресейлік РБК ақпарат агенттігі.

Екі елдің бір-біріне талабын реттеу жайлы келісім 2014 жылы жасалып, Ресей мемлекеттік думасы оны биыл наурызда мақұлдаған. Бұл келісім бұрынғы СССР кезіндегі және Ресейдің Өзбекстанға 1992-1993 жылдары берген қаржыларына қатысты. 2014 жылы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков "Өзбекстанның қарызын кешіру ол елге Ресейдің әскери техникасын жаңаша несиемен беруге мүмкіндік туғызатынын" айтқан.

Келісім күшіне енген соң бір айдың ішінде Өзбекстан Ресейге қалған қарызын - 25 миллион долларды өтеуі керек. Өзбекстан бұған дейін СССР-дің алмас қорына қатысты 1-2 миллиард доллар талабынан бас тартқан.

Ресей бұған дейін 2000 жылы Вьетнамның қарызының көбін (11 миллиард доллардың 9,5 миллиардын), 2001 және 2005 жылдары Эфиопияның (4,8 миллиард доллар), 2003 жылы Моңғолияның (11 миллиард доллар), 2004 және 2008 жылдары Ирактың (22 миллиард доллар), Кубаның (30 миллиард доллар) Алжир, Ауғанстан мен Солтүстік Кореяның қарызын кешірген.

XS
SM
MD
LG