Accessibility links

Хадиджа Исмайылға Гильермо Кано сыйлығы берілді


Әзербайжан журналисі Хадиджа Исмайыл.
Әзербайжан журналисі Хадиджа Исмайыл.

Әзербайжанда түрмеде отырған журналист, Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиджа Исмайыл баспасөз еркіндігі ісіне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО ұйымының Гильермо Кано халықаралық сыйлығына ие болды.

Тұтқындағы журналистке 2016 жылғы Гильермо Кано халықаралық сыйлығы «қиын жағдайда баспасөз бостандығының дамуына қосқан көрнекі үлесі үшін» берілгені айтылған.

«Хадиджа Исмайыл бұл сыйлыққа ең жоғарғы дәрежеде лайық, оның батылдығы мен кәсіпқойлығы бағасын алғанын көргеніме қуаныштымын» деп мәлімдеген Гильермо Кано халықаралық сыйлығы президенті Лилиана Зуровач.

ЮНЕСКО ұйымы тағайындаған сыйлықтың ақшалай көлемі 25 мың АҚШ долларын құрайды. Халықаралық сыйлық 1986 жылы Богота қаласында, өзі жұмыс істеген El Espactador газеті редакциясы жанында өлтірілген колумбиялық журналист Гильермо Каноның құрметіне оның есімімен аталады.

Хадиджа Исмайыл 2015 жылы қыркүйекте «салықтан жалтарды», «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланды» деген айыптармен жеті жарым жылға сотталған. Құқық қорғаушылар Әзербайжан билігі Исмайылды биліктегі жоғары шенді шенеуніктердің, оның ішінде ел президенті Илхам Әлиев пен оның отбасы мүшелерінің «қаржылық қылмыстарға қатысы бар» екені туралы зерттеу материалдары үшін соттады деп біледі.

XS
SM
MD
LG