Accessibility links

БАҚ: Рахат Әлиев Mossack Fonseca қызметін пайдаланған


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, былтыр ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылған Рахат Әлиев те панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының қызметін пайдаланған деп жазады «Новая газета» басылымы. Өткен аптаның соңында панамалық фирманың әшкере болып кеткен құжаттарындағы офшорлық аймақта тіркелген компаниялар мен олардың иелеріне қатысты жанжал «Панамагейт» деген атауға ие болған.

Интернетте жарияланған «Панамагейт» құжаттарына сілтеме жасаған «Новая газета» ақпараты бойынша, Рахат Әлиев қант өндірісіне қатысы бар қазақстандық компанияларынан түскен пайданы Mossack Fonteca фирмасының көмегімен тіркелген офшорды пайдаланып салықтан жалтарып, австриялық банктер арқылы Кариб аралдарына аударып отырған. Газеттің жазуынша, әңгіме Әлиев әуелі офшорға, кейін Австрияға шығарған деген болжам айтылып отырған 300 миллион доллар туралы болуы мүмкін. Австриялық Falter газетіне сілтеме жасаған ресейлік басылым Рахат Әлиевтің көзі тірісінде өз қаржы-мүлкінің негізгі бөлігін Дариға Назарбаевадан ажырасқан соң некелескен Елнара Шоразованың атына жазып кеткен деп жазады.

«Панамагейт» құжаттары жарияланған соң әлемнің көптеген елдеріндегі мемлекет басшылары мен танымал тұлғаларға қатысты осы кезге дейін жасырын болып келген деректер мәлім болған. Олардың арасында Рахат Әлиев пен Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұралы Әлиевтің аты-жөні де аталған.

Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлемдік басылымдар панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әшкере болған құжаттары негізіндегі зерттеу материалды 3 сәуірде жариялаған. Бұдан соң еуропалық кейбір елдерде әлгі құжаттарда офшорлық аймаққа шығарылған капиталға қатысы бар тұлғалар ретінде аты-жөні аталған саясаткерлер сынға ілікті. «Панамагейт» жанжалынан Исландия премьер-министрі Сигмундур Давид Гуннлаугссон қызметінен кетуге мәжбүр болды. Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмерон кезінде әкесі офшор аймағында ашқан компаниядағы үлеске әйелімен бірге иелік еткенін мойындап, үкімет жетекшісі қызметіне кірісер алдында оны сатқанын және тиісті салықты төлегенін айтқан. Сенбі күні Лондонда өзін қолдайтын консерваторлық партиядағы серіктері алдында сөйлеген Кэмерон алдағы уақытта салық құжаттарына мұқият болатынына сендіруге тырысты. Сондай-ақ «Панамагейт» құжаттарында Украина, Әзербайжан, Ресей, Сирия президенттері мен олардың төңірегіндегі адамдар, олар иелік еткен компаниялар мен капиталы жайлы деректер бар.

Қазақстанда ресми орындар мен мемлекеттік ақпарат құралдары бұл ақпаратты үнсіз қабылдады. «Панамагейт» жайлы тек елдегі бірді-екілі тәуелсіз басылымдар ғана жазып, бұл жанжал негізінен әлеуметтік желілерде талқыланды.

XS
SM
MD
LG