Accessibility links

Польшада абортқа тыйым салуға қарсы шерулер өтті


«Сенің қозғалысың» партиясы жетекшісі Барбара Новацка абортқа тыйым салуға қарсылық акциясы кезінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Варшава, 9 сәуір 2016 жыл.
«Сенің қозғалысың» партиясы жетекшісі Барбара Новацка абортқа тыйым салуға қарсылық акциясы кезінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Варшава, 9 сәуір 2016 жыл.

Польшада жасанды түсік жасатуға толық тыйым салуды көздейтін заң жобасына қарсы жаппай қарсылық акциялары өтті. Варшавада парламент ғимараты алдына жиналған мыңдаған адам абортқа қарсы заңды күшейтуге наразылық білдірді. Польшада католик шіркеуі мен бірқатар консерваторлық партиялар өкілдері жаңа заң жобасына қолдау танытып отыр.

- Әсіре консерваторлар бұған дейін де Сеймге мұндай заң жобасын жолдап келген, бірақ олар жеткілікті қолдау таппаған еді. Ал қазір заң жобасы өтіп кетеді деген қауіп бар, егер ол қабылданатын болса, онда әйелдерді түсік болғаны үшін түрмеге жөнелте беретін болады, - деп мәлімдеді заң жобасына қарсы шығып жүрген «Сенің қозғалысың» партиясы жетекшісі Барбара Новацка.

Қазіргі заң бойынша жасанды түсікті ананың өміріне, баланың өміріне қауіп бар кезде, сонымен бірге әйел зорлық құрбаны болған жағдайда қолдануға рұқсат етілген. Ал жаңа заң жобасы бойынша тек алғашқы аталған жағдайда ғана аборт жасатуға болады, одан өзге себеппен түсік жасатуға тыйым салынбақ.

Қазіргі кезде 39 миллион тұрғыны бар Польшада жыл сайын ресми түрде бірнеше жүз аборт тіркеледі. Бірақ Польша әйелдерінің көбі жасырын жолмен немесе аборт жасатуға рұқсат етілген көрші елдерге барып түсік жасатады.

Абортқа тыйым салуға қарсы үлкен жиындар бүгін Польшаның өзге де бірнеше қаласында өткен.

XS
SM
MD
LG